2015 жылғы 20 наурыз, Астана қаласы
Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-34) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға рұқсат беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға оның көшірмелерін жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет инистрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағын 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республиканың Инвестициялар және даму министрі Ә.ИСЕКЕШЕВ
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің
2015 жылғы 20 наурыздағы №306 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға рұқсат беру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға рұқсат беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар мемлекеттік және эксперименттік авиацияның әуе кемелеріне қолданылмайды.
3. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындайтын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттары қолданылады.
Азаматтық авиация ұйымы мәлімдеген азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарты мәлімделген авиациялық стандарт болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға рұқсат беру тәртібі
4. Мәлімделген авиациялық стандарттарды қолдануға рұқсат беру үшін азаматтық авиация ұйымдары (бұдан әрі – өтініш беруші) уәкілетті органға еркін нысандағы өтініш жібереді.
Өтінішке мынадай құжаттар:
1) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының көшірмесі (ұшуды орындау немесе авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлік) немесе азаматтық авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйым сертификатының көшірмесі;
2) мәлімделген авиациялық стандарттар қолданылатын және ұшу жарамдылығының ұсталуын бақылауды қамтамасыз ететін мемлекетте тіркелген әуе кемелерін пайдалану жөніндегі (азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы болып табылатын өтініш беруші үшін) құжаттар көшірмелері;
3) мәлімделген авиациялық стандарттарға жауап беретін ұйымдық құрылым сипаттамасының көшірмесі;
4) халықаралық тәуелсіз аудиторлық ұйым жүргізген мәлімделген авиациялық стандарттарды қолданудың сәйкестігіне аудитті бағалау нәтижелерінің көшірмелері;
5) мәлімделген авиациялық стандарттардың талаптарына сәйкес әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын ұстау және/немесе техникалық қызмет көрсетуді орындау жөніндегі құжаттардың көшірмелері;
6) мыналар:
ұшуды жүргізу;
ұшу жарамдылығын, техникалық жай-күйі мен жабдықты инспекциялауды (бақылауды) да көздейтін пайдаланушының әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру және авиациялық техникасын жөндеу рәсімдері;
мәлімделген авиациялық стандарттарға сәйкес авиациялық персоналдың дайындығын жүргізу жөніндегі нұсқаулық;
7) ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі жөніндегі құжаттардың көшірмелері;
8) сапаны бақылау жүйесі жөніндегі құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.
Жоғарыда көрсетілген құжаттардың барлық көшірмелері өтініш берушінің қолымен және мөрімен куәландырылады.
5. Мәлімделген авиациялық стандарттарды қолдануға рұқсат беру үшін негіз уәкілетті органның күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қабылданатын шешімі болып табылады.
6. Шешім оң болған жағдайда, уәкілетті орган өтініш берушіні жарамдылық уақыты бойынша шектелмейтін мәлімделген авиациялық стандарттарды қолдануға рұқсат беру туралы жазбаша хабардар етеді.
7. Егер:
1) өтініш беруші ұсынған құжаттар осы Қағидалардың 4-тармағының талаптарына сәйкес келмеген;
2) өтініш беруші көрсететін қызметтер (жұмыс түрлері) авиациялық стандарттарды қолдануға мәлімделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда рұқсат беруден бас тартылады.
8. Мәлімделген авиациялық стандарттарды қолдануға рұқсат беруден бас
тартылған кезде өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 28 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10823 болып енгізілді.